Patriot-tulga.kz
Қылыш би
Қылыш Итемгенұлы, Қылыш әулие (1788-1849 жыл, Қаражал) – би, Тама болысының басқарушысы болған тарихи тұлға.
Қылыш Итемгенұлы осы күнгі Қарағанды облысының Атасу өзенінің бойында дүниеге келген. Нағашы жұрты – Қаракесек.
Итемген 95 жасында дүниеден озған екен, бейіті Қарағанды қаласының Долинка жағындағы Сасықкөл деген жерде орын тепкен.
Патша өкіметі қазақ елін толық әрі еркін билеудің неше түрлі әдістерін, тәртібін енгізіп отырған. Дуаннан уезд, уезден болыстарға бөлген кезде Ақмола уезіне қарайтын Сарысу бойындағы Тамалар өз алдына болыс боламыз деп тілек білдірген. Және оған белсене кіріскен. Бұл тарихи оқиғаға бас болған Сеңгірбек батырдың баласы Итемгеннен туған немересі Қылыш. Бір болыс ел болу үшін кемінде бес жүз түтіннен асуы керек екен. Елдің билері, ақылгөй көсемдері мұның да жолын табады. Бесіктегі балаға дейін есепке кіргізіп, бір болыс елдің санын толтырады. Енді осы бір болыс ел жайлайтын жерге төлейтін алым-салық бар, оны кім көтереді дегенде Жөгінің ноқта ағасы Молдас руының байы Жидебай шығады. Ол кісі: «Алам деген жердің бәрін алайық. Өзімізше ел болайық. Екі-үш есе салық болса да оны маған қоя беріңдер», – дейді. Сөйтіп, қалың Арғынның ішінде Абылай хан кесіп берген жерде Тама, Шеркеш, Жағалбайлылар алғаш рет осылайша бір болыс ел боп ірге бекітеді. Таманың бірінші болысы - Итемгенұлы Қылыш. Елді ұзақ жыл басқарған көреген, өрелі, әділ, тура жолды ірі қайраткер, ел қорғаны болып, аты аңызға айналған адам.
Жезқазған облысындағы Қаражал қаласының шығысында 80 шақырым жерде Атасу өзенінің бойындағы Атасу кеңшарында Қылыш бидің сағанасы сақталған.
Дархан ИСАТАЕВ,
«Қарағанды гуманитарлық колледжі» КМҚК
директорының ғылыми жұмысы жөніндегі
орынбасары.
Қарағанды қаласы.