top of page

Мемлекеттік тіл - ел мәртебесі!

Мемлекеттік  тіл  -  ел  мәртебесі!

Ата Заңымыздың 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi деп көрсетілген. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

Десек те, тіл тағдыры – барша саналы қазақ азаматтарын толғандырып, кейбір жағдайда қынжылтып та жүрген мәселе. Осы орайда бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесі неліктен әлі де көкейтесті деген сұрақ туындайды. Мәселенің бір ұшы – қазақ тілі мәртебесін мойындайтын, бірақ күнделікті тіршілігінде ресми тілді кең ауқымда пайдаланып жүрген, саясат, билік, бизнесc, мемлекеттік қызмет салаларындағы орыс тілді азаматтардың мемлекеттік тілді іс жүзінде көтеруге деген ынталарының жоқтығында болып отыр.

Әйтсе де қоғам да, билік те бұл мәселеде қол қусырып қарап отырған жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғалы қоғамдық және мемлекеттік салада баяу да болса қолдану аясы кеңею және тереңдеу тенденциясына ие болды.

Тіл саласындағы оң істерді мемлекеттік органдар, түрлі меншіктегі барлық мекемелер, кәсіпорындар, шаруашылықтар, қоғамдық-саяси ұйымдар, БАҚ, сондай-ақ бүкіл халық қолдап, аянбай үлес қосуға тиіс.

Бүгінгі таңда мемлекетіміздегі барлық орган, ұйым-мекемелер іс-құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Әрине, бәрі бірден бола қоймайтыны белгілі. Ықылымнан ресми тілдерінде жүргізіліп келе жатқан, қатып қалған үлгідегі ереже, заң, нормативтік актілер мен қарапайым іс-қағаздарды аудару сөз шұбалаңқылығы мен мәтіндердің түсініксіздігіне соқтырды. Бұған бір жағынан аударма кітаптарының жұтаңдығы, басқа тілінен жасалған аудармалардың тиісті мағынаға дөп келе бермеуі – айтар ойдың мағынасының бұрмалануына себепкер болды.

Бұл жердегі басты кемшілік те сол аударуда болды, әлі де себепкер болуда. Мақсат басқа тілдегі мәтінді дөп басып аударуға емес, сол жеткізер ойды қазақы тілге тән өз мән-мағынасымен жеткізуге бағытталуға тиісті. Қазақ тілі – бай тіл, әлем мойындайтын ұлы тілдердің байлығынан кем емес.

Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында Балтық жағалауы елдеріндегідей ҚР Мемлекеттік тіл инспекциясы құрылса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы үнемі қадағаланып, оны жоғарылатуға жүйелі жұмыстар жасалса. Тілдік проблеманы өткеріп отырған біз ғана емес екендігін қаперде ұстап, жаңадан велосипед ойлап табуға уақыт пен қаражатты сарп етпей, әлемдік тәжірибеге жүгінсек.

Сондай тексерілген әрі өзін ақтаған тәжірибелердің бірі Чехияны отарлық құрсаудан босатып, оның алғашқы президенті болған – Томаш Гаргир Масариктің сара жолын басшылыққа алсақ жаман болмас еді. Ол алдымен офицерлер мен әкімшілік қызметкерлеріне чех тілінен емтихан енгізді. Емтиханның қиын болғандығынан, бос лауазым орындарын немістер емес, чехтер иеленді. Сонымен қатар Масарик неміс университеттерін де, газеттерін де жапқан емес, тек параллельді түрде чех тілінде білім беретін оқу ордалары мен баспасөз құралдарын ашып, чех тілінің тынысын кеңейтті. Сол арқылы діттегеніне жетті.

Осы келтірілгендердің қай-қайсысы болмасын кәдеге жарарына сенім мол. Алайда билік қашан мемлекеттік тілдің жағдайына білек-сыбана кіріседі деп күтіп отыруға болмайды. Әйгілі Махатма Ганди «өмірді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» дегендей, алдымен өзіміз қазақша сөйлесейік. Отбасында балаларымызға қазақы тәрбие берейік. Сол арқылы өзгелерді сыйлатып, төл тілімізді өрістету жолында сауапты іс жасайық.

Тіл – ұлттың бетпердесін, ерекшелігін, қадір-қасиетін, ділін қалыптастыратын ең маңызды кұрал. Қазақ тілін қадір тұту – әрбір шаңырақ, әр адамның жеке басты борышты. Себебі ұлттың уызы – тіл, ұйытқысы – отбасы. Мемлекеттік тіл тұғырын алдымен өзіміз заңға сай көтере білсек, ана тілімізге деген адалдық пен құрмет болары кәміл.

Гүлжан ЕРУБАЕВА,
№24 лицейдің директоры,
Алматы облыстық мәслихатының
депутаты,
Іле ауданы
Өтеген батыр кенті.

bottom of page