top of page

Ұлтқа деген сүйіспеншілік

Ұлтқа деген сүйіспеншілік

Белгілі балалар ақыны Жақсыгүл Шәріпханқызы Қалжанова 1951 жылы 15 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Оның бүкіл саналы өмірі ұрпақ тәрбиесіне қатысты болып келеді. Алматы қаласының балабақшаларында аға тәрбиеші, әдіскер болып істеді. Алғашқы өлеңдері, әңгімелері сол кезде дүниеге келді. Білім беру саласындағы еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталды. Соңғы ширек ғасырдан бері біржолата шығармашылықпен айналысады. Республика көлемінде ондаған шығармашылық кештері өтті. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің лауреаты, халықаралық жазушылар одағының мүшесі. Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры. Қоғамдық «Білім беру саласының үздігі» атағына ие. Отыз кітабы жарық көрді.
Жұбайы Нұртөлеу Қасымбекұлы екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. «Көп балалы Ана» медалінің иегері. Жақсыгүл Шәріпханқызы әлі күнге қоғамдық жұмыстардың қақ ортасында. Әсіресе қажылық сапардан оралған соң жастар арасында имандылық, адамгершілік тақырыбында жиі-жиі әңгіме қозғайды.
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – депті хакім Абай. Айтса айтқандай. Жөн-жосық білетін, кішілігі мен кішіпейілділігі, ізеті мен ізгілігі басым адамдарды «көргенді» деп жатамыз. Керісінше, бұтақтары қиқайып, жабайы өскен ағаштай мінезі ойқы-шойқы, жұғымсыз жандарды «көргенсіз» деп сөгетініміз бар. Адам тәрбиесіне қатысты әңгіме болса бүгінде ата-анамен бірге ұстаз қауымы да басты өзекке айналады. Ұрпаққа көргенді қасиет, инсани мінез, тұщымды тәрбие дарытып, осы жолда шығармашылық қуатын да сарқа жұмсап, айналасына ізгілік нұрын сеуіп жүрген жандардың арасында мен жақсы жар, жақсы ана, жақсы тәрбиеші, жақсы ұстаз, жақсы ақын Жақсыгүл Шәріпханқызы Қалжанованы бөле-жара атар едім. «Ешкім де кездейсоқтықтан жақсы адам болмайды», – депті Платон. Жақсыгүл де өнегелі жерден өріс алған әрі педагог, әрі қаламгер тұлға.
Балалар ақыны Жақсыгүл Қалжанованы қырық жылға жуық уақыттан бері білемін. Шығармашылық алғашқы қадамдары, өсуі, қалыптасуы көз алдымда өтті. Жақсыгүл ұзақ жылдар Алматы қаласындағы балабақшаларда тәрбиеші болып қызмет етті. Сәбилермен тікелей жұмыс істеу оның өмірлік тәжірибесін ғана байытып қоймай, маман ретінде өз ісінің қыр-сырына заман талабына сай мән беруге, методикалық әдіс-тәсілдердің артықшылықтары мен кемістіктеріне шұқшиюына мәжбүрледі.
Бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беру-де әдебиеттердің тапшылығы, іздеген нәрсесін табудың қиындығы, бала ұғы-мына лайық өлең, тақпақ, жаңылтпаш сияқты шығармалардың кемдігі қадам басқан сайын тобықтан қағып тұратын.
«Әр нәрседе бір қайыр бар» деген ғой. Сол қиындықтар Жақсыгүлді балалар шығармашылығы саласына сүйреп шығарды. Мұның үстіне бойындағы туабітті талантын қосыңыз. Алғаш ол өз тобының тәрбиеленушілеріне арнап жазса, әріптестері онысын сұрап алып, өз жұмыстарына пайдаланып жататын. Біртіндеп өзі еңбек ететін Бостандық аудандық білім беру басқармасының әдіскерлері де Жақсыгүлдің тәрбиеші ретіндегі ізденістеріне, оның жұмыста өз шығармашылығын ұтымды пайдаланатынына көздері жетті. Көздері жетіп қана қоймай, бүкіл ау-дан балабақшаларына ұсынып жатты. Жақсыгүлдің әсіресе дәстүр-салтымызды ұрпақ бойына сіңірудегі тәрбиешілік еңбегі, сондай-ақ балаларға арналған шығармашылық еңбегі тосын шешімдерімен, тақырыпты қызықты етіп аша білуімен ерекшеленетін. Ұжымда беделі артып, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанса, ол осы ізденгіштігінің арқасы болатын.
«Жетістік дегеніміз – бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деп жатады ғой. Бойындағы талантын еңбек жетелеген Жақсыгүл біртіндеп жүрек тереңіндегі жас ұрпаққа деген махаббат ақындық сезіммен ұштасып бара жатқанын байқады. Алайда ол ұзақ жылдар өзін ақын-мын деп есептеген емес. Өзгелер «Сен ақынсың ғой» десе қысылып қалатын. Өзін балалар тақырыбына өлең жазып жүрген педагог қана санайтын.
Алайда Жақсыгүлдің мына өлең жолдарына қараңызшы::

Тіл арқылы мәңгілік жол салыппыз,
Тіл арқылы болашағы жарықпыз.
Өз тіліңді қорғамауға хақың жоқ,
Тіл арқылы біз қазақпыз, халықпыз!

Сәби санасына шегеленіп қалатын жолдар емес пе! Мағынасы қандай!
Жақсыгүл өткен ғасырдың тоқса-ныншы жылдарынан бастап балалар шығармашылығына біржола ден қой-ды. Осы саланың олқылығын толтыр-ғысы келгендей опыра жазды. Ұзын ырғасы отыздан астам кітап шығарды. Балабақшалардағы ертеңгіліктерге арналған «Балдырғандар шаттығы», «Біздің ән» сияқты жинақтары еліміздің балабақшаларында кеңінен пайдала-нылып жүр.
«Аруна» баспасы шығармашылық қуатын байқап, Жақсыгүлді бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Тығыз ынты-мақтастықтың арқасында «Әліпби» топтамасымен «Ойыншықтар», «Үй жануарлары», «Құстар» сияқты кітаптары жарық көрді. Бұдан оншақты жыл бұрын сонда жарық көрген «Дос іздеген бота», «Тазалықтың тұрағы», «Менің ойыншықтарым», «Қасқыр келді қалаға», «Құмырсқаның шеберханасы», «Беделді әтеш» сияқты боямақтар топтамасы, «Жеміс бағында» суретті кітапшалары бүгінде қайтара басылатын, кезегін күткен дүниелер. Оның бәрі кішкентай бүлдіршіндер қызыға оқитын шығармалар болатын.
Ақындық қуаты, лирикалық болмысы, жырға құмар әлемі Жақсыгүлдің «Ана тілегі» (1999 ж.), «Аналық сезім» (2004 ж.), «Өмірлік өлеңім» (2008 ж) сияқты жыр жинақтары болып өрілді.
Сол «Өмірлік өлеңім» деген жина-ғында автор: «Өмірім – тәжірибе мекені болды. Оның сынақтарының озық түр-лерін саналы түрде сараптап, бойыма жинаған асыл қазыналарымды ел игілі-гіне жұмсадым. Өмір тынысын тереңнен талдай отырып, ұлттық құндылықтардың аяқ асты болған кездерінде рухани қиналып, алапат ашу-ызамен күй кешкен сәттерім де ой толқытпай өтпеді. Өмір сүрудің – көріп-білу, ішіп-жеу емес, оның мәнін түсіну екенін ой елегінен өткізіп, алған әсеріммен жыр бесігін тербеттім», – деп жан тұжырымын жарқырата алдыңа тастайды. Осы жинақта «Жүрегім неге жылайсың?» деген өлеңінде Жақсыгүл:

Ұйқыда жүрмін әлі де,
Оянам қашан білмеймін.
Түсімдей маған бәрі де,
Таңды күткен түндеймін.

Жетем деп асқақ арманға,
Сабырмен қарап салғанға.
Мың сүрініп, мың тұрдым,
Ақиқат жоқ жалғанда, – деп, адам жанының үнемі рухани демеуге мұқтаждығын, ақиқатты таппаған адам «таңды күткен түндей» күй кешетінін жыр тілімен өрнектеп, психологиялық сурет салған. Ұйқылы-ояу сәттен адамды тек ақиқат қана құтқаратынын түсініп, шынайы ақиқат Алланы танумен ұштасатынын аңғартады. Өзі қойған сауалға:
Көкірек көзі – санамда,
Иманның нұры жанғанда.
Шыңына адам шығармын,
Шындыққа сезім қанғанда, – деп өзі жауап табады. Маған қатты ұнайтыны Жақсыгүлдің шығармашылығындағы адамгершілік тақырыптарының ту етіп ұсталуы. Бөгенбай батырдың немересі Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деп азғантай сөзбен адам тәрбиесінің бүкіл педагогикалық жүйе-сін түгендеп берген ғой. Осы аталы сөз толықтай Жақсыгүлдің адамдық бол-мысына берілген мінездеме тәрізді. Ақынның төгілген шумақтарында жас-тарға қояр талабы да, ұрпағына өсиеті де, берген батасы да шымдай жымдасып, мен-мұндалап тұрады. Қараңызшы:
«Шүкіршілікпен ниетіңе жете біл,
Тіршіліктен таза жүріп өте біл.
Адамша өмір сүрсін десең ұрпағың,
Жер бетінен Адам болып өте біл!»

Адам болу – тек ізгілікпен ғана жүзеге асатын қасиет. Зұлымдықпен біреу бай болуы, депутат болуы ықтимал, бірақ шынайы Адам бола алмайды. Ұрпақтарың адамгершілікті, адал болсын десең, ең алдымен өзің сондай қасиеттерге ие болуың керек. Жақсыгүл осыны имани пәлсапамен астастырып, өзінше ой түйеді. Қоғамдағы қазіргі ахуалға да сондықтан іштей жаны ауы-рып, күйінеді. Күйінгеннен:
«Төгіп алып, тәрбиенің тұнығын,
Жалап-жұқтап жатыр елім жұғынын.
Жұғындысы жүрегіне бойламай,
Жаңғыртады жан дауысы тұғырын» – дейді өмірдің тағы бір шындығын алдыңа жайып салып.
Ақын жырлары – оның азаматтық бейнесінің айнасы. Азамат қоғам үшін жауапты. Сол қоғамның бір мүшесі ретінде ондағы қиғаштықтар үшін ақын өзін айыпты санайды. Өзінің қолынан келмегені үшін қиналады. Оқып отырып, ақынмен бірге оқырман да өз жауап-кершілігін сезінеді.

Ақталмаймын, ақтамаңдар сендер де,
Кінәлімін шөгіп кеткен белдерге.
Қылмыскерді іздер болсаң жар салып,
Мен кінәлі кеуіп кеткен көлдерге?

Әділетті іздегенін қоя алмай,
Надандықты Адамдықпен жоя алмай.
Бұл өмірден өтіп жатыр пенделер,
Өз мойнына өз кінәсін қоя алмай.

Керегімді кездестіре алмасам,
Шындық іздеп, сенімімді алдасам,
Мен кінәлі емей, кімдер кінәлі,
Түзей алмай қисығыңды жалғасам, – дейді ашына ақтарылып. Әдетте біз қоғамдағы қиғаштықтар үшін билікті, заманды, адамдарды кінәлі етіп жатамыз. Жақсыгүл болса бұған басқаны емес өзін айыпты етеді. Мұның астарында қоғамдағы ахуалға әр адам, әр замандас жауапты деген ой жатыр.
Жақсыгүлдің бұдан он жылдай бұрын, 2012 жылы шыққан «Өзім және өзгелер туралы» кітабы автордың өмірлік үлкен белеске көтерілген тұстағы жұртшылық алдындағы өзіндік есебі тәрізді көрінді. Онда әр жылдарда, әр басылымда жарық көрген мақалалары, сұхбаттары, естеліктері топтастырылған. Кітапты тұтас бір өмірдің айшықты ажары десе болғандай. Бұл да автордың ұзақ та жемісті шығармашылық жолындағы айтулы белесі деп ойлаймын. Жалпы автордың шығармашылығы туралы айтылған оңды пікірлер аз емес. Айталық, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ:
«1990 жылдардың басында балалар әдебиеті тапырақтап қалған тұста Жақсыгүл Қалжанова тас шайнап, от жұтып киелі салаға тайсалмай келді. Ол балалар әдебиетінің екінің бірі найзаның ұшына іліп кете беретін кедейдің тымағы емес екенін біле тұра, өз-өзіне серт беріп, белді бекем буғаны байқалады», – десе, ақын Зайда Елғондинова:
«Жақсыгүл Қалжановамен бірге балалар әдебиетіне жаңа бір леп келді. Балабақша бүлдіршіндері мен төменгі сынып оқушыларының кітап қоржыны шынайы жазылған өлең, тақпақ, жаңылтпаштармен толықты», – деп орнықты баға береді.
Түркі халықтары мәдени қорының президенті Ахмет Дағдұран «Түркі әлемі» газетінде: «Жақсыгүл апай өзінің сыпайы, ақыл-парасатты мінезінің арқасында барған жердің бәрінде Қазақстан туралы игі пікір қалдырады. Ол үнемі түркі халықтарының мәдени бірлігіне үндейді. Жақсыгүл ханымның сөздеріне жазылған жастарымыздың бірлік жолына арналған «Жастар гимні» Түркияның, Кипрдің, Қазақстанның және басқа да түркі елдері жастарының ортақ гиміне айналды» деп жазғаны бар.
Әнші, сазгер, продюсер Алтын Махамбетова болса: Ақын Жақсыгүл Қалжанованың өлеңдерін балалар концерттерде орындап жүр. Әрі ана, әрі ақын,әрі ұстаз бола жүріп, бойындағы осынау өнерін жарыққа шығарып жүргеннің өзі неге тұрады?» деп ризашылықпен тамсанады. Ақын Төреғали Тәшенов: «Жақсыгүл Шәріпханқызы – алдымен балалар әдебиетінің өкілі. Жанына ең жақын да – сол. Бір айта кетер нәрсе, шынайы өлең жазып қана қоймай, сырлы сазды ән де шығарады» деп Жақсыгүлдің шығармашылық талантының жаңа қырын танытады. Шы-нымен де Жақсыгүл шығарған ән-дер халқымыздың музыкалық ортақ қазынасының игілігіне айналып жатыр.
Ағарту қызметінің ардагері Ұлмаш Байсақалова: «Оның нәзік болмысына Нұрекеңдей жарын аялауды, ұрпақ-тарын киелі қасиетке баулуды ерінің мерейтойында жұртқа паш етуін ерлік ретінде қабылдадық. Әсіресе ата-әжелеріне арналған немерелерінің концерттік бағдарламасы ұстаз-ақынның шын көзайымына айналды. Жақсыгүл – Алланың шын сүйген құлы. Өткен жылғы Мақтаарал халқының қасіретіне қолма-қол қолдау көрсетіп, соңына елді ертіп, қор құрғаны бәрімізге аян», –деп шын пейілден ақтарылады.
Өмірде парадоксты жағдайларға жиі ұшыраймыз. Ақыл айтуға, біреудің жөнін жөндеуге шеберміз де, қара басымызға келгенде сол айтқандарымыз үйлеспей қалады. Керемет қаламгер болып, туған ұл-қызы әкесінің шығармаларын ана тілінде оқи алмай жатады. Кейбіреулер тәрбие жөнінде өзгеге ақыл айтқанда қамшы салдырмай, ал өз, перзенттері көргенсіздіктен көш бастап жүреді. Ал Жақсыгүлдің сөзі мен ісінде алшақтық жоқ. Шынайы педагогтық дарыны от-басынан көрініп тұрады. Балалары өте тәрбиелі, білімді, бүгінде өмірдің әр қиырында қоғамға пайдалы бір-бір тетік. Жолдасы Нұртілеу екеуі балаларының иманды, еңбекқор боп өсуін назарда ұстады. Жұбайлардың екеуінің де еңбексүйгіштігі ұрпақтарына ауысыпты. Осы қатты қуантады. Үлкен қызы Назирасы Самрұқ-қазына” әл-ауқат қорының қаржы бөлімінде істейді.
Эльмирасы “Inter oil company” компаниясында менеджер, Эльвирасы “Эйр Астанада” менеджер.
Бақытжан - жиһаз құрастырушы.
Бауыржан өзінің жеке кәсібін дөңгелентіп жүр. Бес баланың бесеуі де жоғары білімді. Шетінен үй-жайлы болып жатқан жайы бар. Нұртілеу екеуі оншақты немере сүйіп отыр.
Жақсыгүл Шәріпханқызы бергенінен берері көп ақын. Отанын шексіз сүйген патриот. Тұла бойы ұлтқа деген сүйіспеншілікке шүпілдеген жан бізді жаңа кітаптарымен, жаңа өлеңдерімен қуанта бергей.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
Педагогикалық ғылым академиясының академигі

bottom of page